ӨЗЕКТІ. Тастандыларды тасада қалдырмаған

Тасбауыр қоғам тастандыларын өзекке тепкен шақ бұл. Статистикаға сүйенсек еліміз бойынша 2015 жылы 31725 жетім бала тіркелген. Алайда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға сүйеніш һәм тіреніш болып, жетімін жылатпаған қазақ даналығын зердесіне түйген азаматтар да ұшырасады ішімізден.
Тұяқ Есқожина тастанды сәбилерге қамқорлық таныту үшін басындағы баспанасында сатып жіберген. Бүгінгі таңда жиырма төрт қызын ұзатып, он екі ұлын үйлендірген ұстаз-ана. Өмірдің қиыншылығына тап болған бүлдіршіндерді бауырына басып, сол мейірімінің арқасында ел ықыласына бөленіп отыр.

Тұяқ Есқожина, «Нұр» қайырымдылық, отбасылық балалар үйінің директоры:
- Біріншісін де кішкентай қыз болды. Дүңгіршектің қасында тұрсақ, біреу етегімнен тартады.
Бір тартты, екі тартты. Үшіншісінде ызам келіп кетті. Мұғалім болған соң ақырын сөйлей алмаймыз ғой, «Бұл қайсысың?! » деп айқайлап жібердім . Жауап ретінде «Апа, менің қарным ашты» деген әлсіреген дауыс шықты. Артыма бұрылып едім, кір-қожалақ, жүзі солыңқы тартқан балғынды көрдім. Сол сәтте бүкіл дүние көз алдымда өзгеріп кетті...